Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ата-аналарының қаржысына қол жеткізу мақсатында қазақстандық балаларды алдау схемаларымен, сондай-ақ алаяқтықтан қорғау тәсілдерімен бөлісті.
Алаяқтар қандай онлайн-тұзақтарды қолданады?
“Күтпеген ұтыс”
Балалар әлеуметтік желілер, мессенджерлер немесе электрондық пошта арқылы ақшалай сыйлық немесе шетелге саяхат немесе шетелде тұратын бай туысының мұрасы уәде етілетін хабарлама алулары мүмкін. “Ұтысты” алу үшін балаға сілтемеге өтіп, жеке мәліметтермен, соның ішінде банк картасының нөмірін көрсетумен сауалнаманы толтыру ұсынылады. Мұндай сұратулар ата-аналарының қаражатын алаяқтардың иемденуіне себеп болуы мүмкін екенін есте ұстаған жөн.
“Жалған көмек сұрау”
Әлеуметтік желіде немесе мессенджерде баланың “достарынан” немесе “сыныптастарынан” емделуге немесе басқа қажеттіліктерге ақша аударуды сұрайтын хабарлама пайда болуы мүмкін. Көбінесе алаяқтар бұл туралы ересектерге айтпауға барынша сендіреді. Егер бала ақша аударса, оны қайтару мүмкін болмайды.
“Бірегей қосымша”
Алаяқтар балаға ойын кезінде көмектесу, тез байып кету тәсілі немесе орналасқан жерді бақылау мүмкіндігі сияқты пайдалы функцияларды уәде ететін қосымшаға сілтеме жіберуі мүмкін. Мұндай қосымша тегін және эксклюзивті болып танылады. Дегенмен, орнатқаннан кейін мұндай қосымша жеке деректерді жинайтын, геолокацияны бақылайтын және құрылғыдағы басқа бағдарламаларға қол жеткізуге мүмкіндік беретін тыңшылық бағдарлама болуы мүмкін.
Ата-аналар баланы алаяқтардан қалай қорғай алады?
Балаларды қорғау үшін олармен интернетте ықтимал қауіптер туралы алдын ала сөйлесу маңызды. Жеке деректерді бейтаныс адамдарға беруге болмайтынын және күмән туындаған жағдайда әрқашан ата-анадан кеңес сұрау керек екенін түсіндіріңіз. Сондай-ақ, балада барлық маңызды байланыс деректері, соның ішінде ата-анасының, туыстарының және көршілерінің жұмыс және ұялы телефон нөмірлері, сондай-ақ “102” жедел жәрдем қызметі мен учаскелік инспектордың байланыс деректері бар екеніне көз жеткізіңіз.
Ақпарат көзі: https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/moshenniki-ugrojayut-malenkim-kazahstantsam-zaschitit-svoih-559222/