logo
Қз

Сақтықта қорлық жоқ: алаяқтардың арбауына түспеу жолдары

Бас прокуратураның деректері бойынша, соңғы бес жылда Қазақстанда тіркелген интернет-алаяқтық саны он еседен аса өскен: 2017 жылғы 2 мыңнан 2021 жылы 21 мыңға дейін. Әр түрлі жобаларға тиімді ақша салу, азаматтардың жеке деректерінің жария етілуіне байланысты банктік шоттардан қаражатты ұрлау және т.б. сылтаумен жасалған желідегі алаяқтық схемалар жиі кездеседі. Сонымен бірге телефон алаяқтары да жандана бастады.

Жылдам кірістерді уәде еткен және ақылы сауалнамалары бар жалған сайттар

Соңғы уақытта интернет кеңістігінде бүркеме қазақстандық банктердің, телекоммуникациялық, мұнай-газ және мыс өндіретін компаниялардың сайттарына сілтемелер белсенді түрде таралуда: «Бүгін 70 000 теңге инвестициялап, апта сайын 150 000 теңге алыңыз», «Қазақстан тұрғындары үшін қосымша табыс, инвестициялап, 600 000 теңгеден табыңыз», «Компаниялардың Қазақстан тұрғындары үшін тиімді акциялар», «Осы жұмыс алгоритмімен жұмыс істеген 4 ай ішінде 10 пайдаланушының 8-і жылжымайтын мүлікке ақша жинаған….» және басқалар. Алаяқтар халықты тартып, олардың сеніміне ие болу үшін экономиканың түрлі секторларындағы табысты қазақстандық кәсіпорындардың брендтерін бүркемелеп, танымал блогерлердің, атақты адамдардың есімдері мен фотосуреттерін пайдалануда.

 

Алаяқтардың ең көп белсенділігі әлеуметтік желілерде байқалады, онда посттар таратылады және жарнамасы бар жалған сайттарға сілтемелер орналастырылады. Мұндай сайттардың мақсаты – әр түрлі инвестициялық құралдардың көмегімен тез және көп ақша тапқысы келетін адамдарды барынша көбірек тарту. Алаяқтар әлеуетті клиенттерге түрлі түсті есептер мен графиктерді ұсына отырып, инвестициялық қызмет сияқты етіп көрсетеді. Бірақ соңында салымшылардың қаражатын алып, жоқ болады, инвестор-сымақтар уәде етілген табыстан ғана емес, өздерінің бастапқы капиталынсыз қалады.

 

Сонымен бірге алаяқтар банк клиенттерінің шоттарына қол жеткізу үшін түрлі амалдарға барады, мысалы, фишинг сайттарда сауалнамалар жүргізеді, ал онлайн-сауалнамадан өткені үшін марапат ретінде ақшалай сыйлықтар ұсынады. Фишинг сайттағы сұрақтар, әдетте, жеңіл болады. Кейбір тақырыптар қызықты видеомен бірге жүреді, оларды көру үшін гаджетке арнайы қосымша орнату керек. Әрине, сайт осы бағдарламалық қамтылымға сілтеме жасайды. Егер сіз оны жүктесеңіз, компьютеріңізге немесе смартфоныңызға деректерді ұрлап, оларды алаяқтарға бере алатын зиянды бағдарламалық қамтылымды автоматты түрде орнаттыңыз дей беріңіз.

 

IP-мекен-жайыңыз фишинг сайтта да сақталады – бұл сіздің құрылғыңыз бен желі торабыңыздың бірегей желілік мекен-жайы. Алаяқтар IP-мекенжайды пайдалана отырып, сіз қай елде екеніңізді, қай қалада тұрғаныңызды, провайдеріңіздің кім екенін оңай біліп алады және егер олар оның жүйесін бұза алатын болса, онда сіздің электрондық әмияндарыңызға, мобильдік банк қосымшаларына, әлеуметтік желілерге, электрондық поштаға логиндер мен құпия сөздерді таңдай алады. Яғни, қаскүнемдер сіз туралы мүмкіндігінше көп ақпарат алу үшін интернеттегі әрекеттеріңізді бақылай алады. Сонымен қатар, сыртқы IP-мекен-жай арқылы білікті киберқылмыскерлер сіздің гаджетіңізге интернеттен қосыла алады не сіз жиі кіретін кейбір сайттарды ауыстыру арқылы сіз онлайн-кіре алатын теңшеуді өзгерте алады.

 

Егер сіз фишинг парақшада, мысалы, өзіңіздің мобильді нөміріңізді енгізсеңіз, онда бұдан әрі бұл ақпаратты телефон алаяқтары оңай пайдалана алады.

 

Кеңес: Егер сіз электрондық пошта, SMS немесе танымал мессенджер арқылы күмәнді сілтемесі бар хабарлама алсаңыз, оны тіпті сіздің танысыңыз немесе туысқаныңыз жіберген болса да, ол сілтеме бойынша өтпеңіз.

 

Егер сіз сілтемені ашып, ақылы сауалнамадан өтуді ұсынатын немесе жүлделер ұтыс ойыны немесе өзге де тартымды науқан өтетін фишинг сайтқа өткен болсаңыз, онда қатысудан бас тартқан дұрыс. Ақша ұсынылатын тұлғадан ақпараттың дұрыстығын тексеру үшін ұйымның ресми сайтына кіріңіз. Бірақ сайт мекенжайын қолмен терген дұрыс. Фишинг парақшаны бірден жауып, кэшті тазалап, IP-мекен-жайыңызды өзгертуді сұрап, интернет-провайдермен байланысқаныңыз жөн. Міндетті түрде гаджетіңіздегі вирусқа қарсы бағдарламаны жаңартыңыз.

Жалған бейілділік бағдарламалары және «қызметке орналастыру» туралы хабарландырулар

Белгілі компаниялардың маркетологтары көбіне байланыс жасау кезінде бейілділік бағдарламасын пайдаланады және өз өнімдері мен қызметтерінің тиімділігін бағалау үшін тұтынушылар арасында сауалнама жүргізеді. Бұл қызмет қаржы алаяқтарын да қызықтырды. Соңғы кездері алаяқтар мессенджер арқылы мынадай хабарламаларды жаппай таратуда: «Баршаңызға сәлем! Мен сізді әйгілі *** компаниясының бейілділік бағдарламасына жазғым келеді, онда сіз бонус жинап, оларды қонақүйлерде тегін тұру үшін жұмсай аласыз. Бұл үшін маған: 1. Поштаңызды, 2. Үйіңіздің мекенжайын + қалаңызды, 3. Ұялы телефоныңыздың нөмірін жіберуді өтінемін». Әрі қарай, алаяқтар әрбір жіберілген хабарлама үшін қосымша балл берілетіні туралы дәлел келтіре отырып, сізден сілтемені 20 досыңызға, туыстарыңызға немесе әлеуметтік желілердегі және мессенджерлердегі бес топқа жіберуіңізді сұрайды. Осылайша, алаяқтар сіздің деректеріңізді ары қарай пайдалану үшін, мысалы, телефон алаяқтарына беру үшін анықтап алады.

 

Сондай-ақ, алаяқтар Желіде: «Біздің компания сауалнама жүргізуде! Үздік жауап бергендерге тұрақты жұмыс немесе ақшалай жүлде беріледі» деген тартымды маркетингтік ұсыныстарды орналастырады. Сауалнама қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар сізді үздік жауап берген деп анықтап, қызметке тұру үшін байланыс деректеріңізді (үйдің мекенжайы, ұялы телефон нөмірі, пошта), ал «ақшалай жүлдені» аудару үшін жарамдылық мерзімімен және «пластиктің» арғы бетіндегі үш таңбалы кодпен қоса банктік картаңыздың толық деректемелерін жіберуді сұрайды.

 

Әдетте мұндай айлаларға мектеп оқушылары, жастар, үй шаруасындағы әйелдер қатарындағы конкурстар мен ұтыс ойындарын ұнататындар алданып жатады. Сенгіш азаматтар алаяқтарға тек өз дербес деректерін ғана емес, сонымен қатар жақын адамдардың да дербес деректерін беріп қояды.

 

Кеңес: Әр түрлі төлемдермен, лотереялармен, ақылы сауалнамаларға қатысты кез келген ақпаратты сыни тұрғыдан бағалаңыз. Есіңізде болсын, маркетингтік сауалнамалар әдетте арнайы фокус-топтарды тарта отырып жүргізіледі. Маркетологтар ешқашан сауалнамаға қатысушыларға тұрақты табысты немесе ақшалай төлемдерді ұсынбайды, ең бастысы, олардан ақшалай қаражатты енгізуді немесе жеке деректерін беруді сұрамайды. Мұны тек алаяқтар жасайды.

Телефон алаяқтары өздерін әр қалай таныстырады

Сіздің дербес деректеріңізді, оның ішінде байланыс деректеріңізді алғаннан кейін телефон алаяқтары іске кіріседі. Телефонмен жасалатын алаяқтықтың кеңінен тараған схемасы – банктер мен басқа да қаржы ұйымдары байланыс орталықтарының қызметкерлері немесе операторларынан түсетін қоңыраулар.

 

Әдетте қаскүнемдер қоңырау соғу үшін қазақстандық қаржы институттарының абоненттік нөмірлерін қайталауға мүмкіндік беретін SIP-телефония сияқты бағдарламалық қамтылымдарды пайдаланады. Әңгіме барысында банктердің жалған қызметкерлері сізге сіздің картаңыздан әлдекімнің қаражатты есептен шығаруға әрекет жасап жатқандығы туралы ескертуге тырысады немесе алаяқтардың сіздің атыңызға кредиттер ресімдеп жатқаны туралы «аңызды» пайдаланады. Олардың осындай әрекеттерін тоқтату үшін ағымдағы шоттағы барлық ақшалай қаражаттың дереу резервтік не сақтандыру шотына аудару қажет. Алаяқтар мәселені тез арада шешу үшін тіпті сіздің гаджетіңізге қашықтан қосылу бойынша өз қызметтерін ұсынуы да мүмкін.

 

Сондай-ақ алаяқтар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан да қоңырау соғулары мүмкін: «Қайырлы күн, мен *** уәкілетті қызметкерімін. Сіздің атыңызға шағым түсті және «ірі мөлшердегі алаяқтық» 3-бөлімнің 190-бабы бойынша тергеу жүргізілуде. Сізге дереу *** полиция бөлімшесіне келу керек» немесе «Сіздің балаңыз, досыңыз не туысыңыз *** бөлімшесінде отыр. Ол көлігімен адам қағып кетті, одан есірткі құралдары табылды немесе жаппай тәртіпсіздікке қатысты». Әдістер көп, мақсат біреу – сіздің үрейіңізді ұшыру.

 

Арыз ресімделмей тұрғанда мәселені шұғыл түрде шешу үшін сізге белгілі бір шотқа «белгілі бір соманы» аудару қажет. Бір жағынан, елең еткізетіндей барынша қомақты сома, екінші жағынан – тез арада төлей алмайтындай қаражат емес. Алаяқтардың мұндай құрығына негізінен жақын адамын құтқару үшін бар ақшасын беруге дайын тұратын қарт адамдар түсіп жатады. Тағы бір стрестік фактор әдетте абоненттің қоңырау соғу үшін қолжетімді болмауы болып табылады – алаяқтар мұны да біліп алады.

 

Қаскүнемдер адамдардың психологиясын жақсы біледі: кәсіби терминдерді қолданып, тез әрі сенімді сөйлейді, кейде қысым жасайды, шешім қабылдауға асықтырады, қорқытады, көбіне қызу жұмыс істеп жатқан офис не полиция бөлімшесінің әсерін беретін дыбыстарды қосып қояды және басқа да тәсілдерді қолданады.

 

Кеңес: Егер сізге банк қызметкерінің атын жамылған адам қоңырау соқса, әңгімені дереу тоқтатыңыз. Есіңізде болсын, нағыз банк қызметкері сізге сіздің дербес деректеріңізді нақтылау үшін қоңырау соқпайды. Банкте сізге қатысты толық қаржылық құжаттама мен кредит тарихы бар. Бұл ақпарат тек алаяқтарға ғана қажет.

 

Егер сізге өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстыратын адам хабарласса, қандай жағдайда да үрейге бой алдырмаңыз. Ықтимал күдіктінің полицияның нақты қай бөлімшесінде екенін, оған қатысты қандай баптың қолданылып жатқаны, іс-әрекеттің қашан жасалғаны, адвокат көмегінің көрсетілген-көрсетілмегені және онымен қалай байланысуға болатыны туралы сұраңыз. Сондай-ақ сізге оның атынан хабарласқан ұйымның: банктің, ҚР ІІМ және аудандық полиция бөлімшесінің шұғыл желісіне өзіңіз қоңырау соғыңыз.

Абай болыңыз, алаяқтардың арбауына көнбеңіз!

Материал www.fingramota.kz сайтының көмегімен дайындалған.

Сіздің қалаңыз: Алматы.
Дұрыс па?


Кері қоңырау шалуға
тапсырыс беру


Рақмет!

Сіздің өтініміңіз қабылданды. Біздің менеджер сізге жақын арада хабарласады.

Жақсы

Получить консультацию

Спасибо!

Ваша заявка принята. Наш менеджер перезвонит Вам в самое ближайшее время для уточнения деталей.

Хорошо

Кеңес алу

Спасибо!

Ваша заявка принята. Наш менеджер перезвонит Вам в самое ближайшее время для уточнения деталей.

Хорошо
Еуразиялық банк пайдаланушылардың дербес деректерін қорғайды және Cookies-ті сервистерді дербестендіру үшін ғана өңдейді. Сіз өзіңіздің браузеріңіздің параметрлерінде Cookies өңдеуге тыйым сала аласыз. Жеке деректерді өңдеу және Cookies шарттарымен танысуыңызды өтінеміз.