Соңғы апталарда құқық қорғау органдары азаматтардың дербес деректері мен банктік шоттарын қолды етуге бағытталған алаяқтық схемалардың көбейгенін тіркеп отыр. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, алаяқтар шұғыл әрекет ету қажеттілігі мен қауіп сезімін тудыратын зиянды сілтемелер мен психологиялық қысымды пайдаланады.
Еуразиялық банк қаржылық қауіпсіздіктің негізгі ережелерін еске сала отырып, клиенттерді қырағы болуға шақырады.
Әдетте қолданылатын схемалар
ІІМ және өңірлік полиция департаменттерінің мәліметінше, алаяқтар:
- өздерін байланыс операторлары, коммуналдық қызмет немесе мемлекеттік сервис қызметкерлері ретінде таныстырып, «деректерді жаңарту» немесе «жеңілдікті белсендіру» үшін мессенджерлер арқылы сілтемелер жібереді;
- есептік жазбаларды қолды ету үшін Uchet.kz және Qoldau.kz секілді танымал платформалардың атынан «шұғыл» SMS-хабарламалар таратады;
- қаржылық мониторингтің жаңа ережелері бойынша тіркелу қажеттілігін сылтауратып, SMS-кодтарды айтуды талап етеді;
- ірі компанияларға жұмысқа орналастыруды желеу етіп азаматтарды жаңылыстырады;
- такси қызметі арқылы техниканы курьерлік «жеткізу» схемасын қолданып, тауар ақысын алдын ала төлеуге көндіреді.
Ақтөбе облысы полициясының мәліметінше, бір жағдайда жәбірленуші алаяқтарға SMS-кодты айтып, олардың нұсқауларын орындағаннан кейін 12 млн теңгеден астам көлемде зардап шеккен.
Келесі жайттарға назар аударған жөн
Құрылғының зиянды бағдарламамен зақымдалғанын келесі белгілерден білуге болады:
- смартфонның қатты қызуы;
- экранның өздігінен бұғатталуы;
- командаларға кері байланыстың болмауы.
Мұндай жағдайларда құқық қорғау органдары құрылғыны интернеттен дереу ажыратып, шоттар мен карталарды бұғаттау үшін банкке қоңырау шалуға кеңес береді.
Маңызды ескерту
- Ресми ұйымдар SMS-код, құпия сөздер мен карта деректемелерін телефон немесе мессенджерлер арқылы сұрамайды.
- Мемлекеттік және қаржылық құрылымдар ақшаны «шотты қорғау үшін» шұғыл аударуды талап етпейді.
- Егер қысым көрсетіп, «растау» үшін уақытыңызды шектесе — бұл сөйлесуді тоқтатудың нақты белгісі.
Еуразиялық банк клиенттердің қауіпсіздігін нығайту мақсатында құқық қорғау органдарымен бірлесіп, киберқылмыспен күресті үздіксіз жүргізуде.
Қаржылық қауіпсіздік қырағылықтан басталады. Жеке мәліметтеріңізге абай болыңыз, тек ресми ақпаратқа ғана сенім артыңыз.