Жаңа алаяқтық схемасы WhatsApp пайдаланушыларына қауіп төндіруде. Қаскүнемдер зардап шегушінің алдымен аккаунттарына, содан кейін оның байланыс нөмірлеріне қолжетімділік алу үшін бейне қоңырау шалады.
Бұның схемасын таратып айтатын болсақ: алаяқ қосымша арқылы байланыс нөмірлері тізіміндегі адамның бірі болып қоңырау шалады. Бейне қоңырауға жауап берген кезде экран қара болып тұрады, ал алаяқ дисплейге қатысты мәселені шешпек болған түр танытып «экранмен бөлісуді» өтінеді.
Осы сәтте зардап шегушіге WhatsApp растау коды бар SMS келеді. Экранды көрсетіп жатқан кезде бұл код қылмыскерге де көрініп тұрады. Оны алғаннан кейін алаяқ аккаунтты өз құрылғысына байластырады, ал нағыз аккаунт иесінің қолжетімділігін бұғаттайды.
Бұдан соң алаяқтар зардап шегушінің атынан достарына, әріптестері мен туыстарына көбінесе ақша аударуларын өтінген хабарламаларды жолдай бастайды.
Аккаунтыңызды бұзған жағдайда не істеу керек:
- таныстарыңызға алаяқтық хабарламалардың ықтималдығы туралы дереу ескертіңіз;
- аккаунтының қауіпсіздігін тексеру үшін қоңырау шалған адамға да хабарласыңыз;
- қосымшаны қайта орнатып, қолжетімділікті қалпына келтіруге тырысыңыз;
- WhatsApp қолдау қызметіне (support@whatsapp.com) жазыңыз;
- Орын алған алаяқтық дәлелдерін жинаңыз және шоттарыңызды қорғап, рұқсат етілмеген операцияларды болдырмау үшін міндетті түрде өз банкіңізге хабарлаңыз.
Жаңа схемадан қорғану жолдары:
- WhatsApp-та екі кезеңді сәйкестендірмені іске қосыңыз:
- растау кодтары қатаң түрде сізге ғана тиесілі болғандықтан, олармен ешқашан бөліспеңіз;
- егер таныс адаммен сөйлесіп отырғаныңызға сенімді болмасаңыз, «экранмен бөлісу» функциясын қолданбаңыз;
- кіріс қоңыраулары мен хабарламаларды, әсіресе ақша аудару туралы өтініштерді мұқият тексеріңіз.
Кибералаяқтар күннен күнге әккі болып барады, сондықтан қырағылықты сақтаған маңызды. Еуразиялық банк клиенттерге мессенджерлер арқылы келген ақпаратты әрдайым тексеріп, сәл күдік туындаған жағдайда бірден банкке немесе полицияға хабарласуға кеңес береді.