Еуразиялық банк жалған заңгерлік көмекпен және жалған интернет-дәріханалармен байланысты алдаудың жаңа схемалары туралы ескертеді.
Алаяқтар азаматтардың жеке деректері мен ақшасына қол жеткізу үшін телефон, интернет, мессенджерлерді, яғни кез келген қолжетімді арналарды пайдалануды жалғастыруда. Бүгінде Қазақстанда бірден екі қауіпті схеманың өсуі байқалады: “борыштарды есептен шығару бойынша заң көмегі” және жалған онлайн-дәріханалар.
Жалған заңгерлер: “біз кез келген қарызды заңды және жылдам түрде есептен шығарамыз”
Заңгерлердің атын жамылған алаяқтар қазақстандықтарға қарыздардан толықтай арылуға немесе коллекторлардан қорғануға көмектесуге уәде беретін жағдайлар жиілеп кетті. Мұндай “қызметтер” ақылы түрде ұсынылады, ал “алдын ала төлем” сомалары он мыңнан басталып жүздеген мың теңгеге дейін барады. Төленгеннен кейін “заңгерлер” не жоқ болып кетеді не болмаса заңды күші жоқ ресми хаттар жібереді. Тіпті кейде алаяқтар клиенттерді “мәселе шешіліп жатыр” деген желеумен кредит төлемдерін тоқтатуға да көндіреді, ал бұл олардың қаржылық жағдайын нашарлатады.
Тым сенгіш азаматтарға алаяқтар заңдардың құпия баптарына, мемлекеттік органдардың немесе тіпті Жоғарғы соттың шешімдеріне негізделген деп “сиқырлы” құжат үлгілерін сатуы мүмкін. Шындығында, мұндай қағаздардың негізі жоқ, ал қарыздар ешқайда кетпейді.
Кейбір схемалар бұдан өткен арсыздыққа негізделген: алаяқтар танымал адамдардың борышты есептен шығару бойынша мемлекеттік бастамалар туралы “жариялайтын” жалған бейнероликтер жасайды. Бұл бейнелер әлеуметтік желілер арқылы жарнамаланады және пайдаланушыдан жеке деректерді енгізуді және “мемлекеттік бажды” төлеуді сұрайтын фишингтік сайттарға жолданады. Ақша қылмыскерлерге кетеді, ал деректерді басқа айла-шарғыларға қолданылуы мүмкін.
Ең қауіпті сценарий — сенімхатқа қол қою. Оның көмегімен қаскүнемдер жәбірленушінің атынан кредит алуға немесе ақша алуға заңды құқық алады.
Жаңа тренд — жалған интернет-дәріханалар
Алаяқтар жоғарыдағыларға қоса фармацевтикалық нарыққа да шықты. Жалған интернет-дәріханалар танымал желілердің сайттарын көшіреді, арзан дәрі-дәрмектер мен тегін жеткізуді ұсынады. Сайт арқылы тауарды төлегеннен кейін дәрі де, сатушымен байланыс та ғайып болады.
Жалғандықты келесі белгілерден ажыратуға болады:
– сайт жаңа, пікірлерсіз және иесі туралы ашық ақпаратсыз;
– мекенжайда қосымша таңбалар бар;
– алдын ала төлем күмәнді арналар арқылы ұсынылады;
– менеджерлер табанды түрде “қазір сатып алуды” талап етеді;
– адалдықтың дәлелі ретінде — жеке тұлғаның төлқұжатының сканері, бірақ дәріхана лицензиясы емес.
Еуразиялық банк қазақстандықтарды жіті қырағылықты сақтауға шақырады: бөспе уәделерге сенбеу, ақпарат көздерін тексеру және дербес деректерді бейтаныс адамдарға бермеу — сіздің қаражатыңыздың қауіпсіздігі сіздің сақтығыңыздан басталады.