2021 жылғы 7 қыркүйек, Нұр-Сұлтан қ., – Eurasian Space Ventures (ESV) алғашқы қазақстандық жеке ғарыш компаниясы әріптестік қатынастарды нығайту және Қазақстанға халықаралық жеке ғарыш компанияларының инвестицияларын тарту мақсатында еліміздің “Қазақстан Ғарыш Сапары” ҰК” (ҚҒС) ұлттық ғарыш компаниясымен және бірлескен Қазақстан-Франция кәсіпорны “Ghalam” ЖШС-мен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Тараптардың қолдары қойылған меморандум елдің аэроғарыштық әлеуетін дамыту саласындағы жеке бизнес пен мемлекеттің ұзақ мерзімді ынтымақтастығын құру перспективасына, шетелдік жеке инвестицияларды тартуға, ғарыш өнімдері мен қызметтерін экспорттауға, сондай-ақ ғарыш технологиялары саласындағы жобаларды әзірлеуге және “Ghalam” ЖШС өндірістік қуаттарын пайдалануға жол ашады.
Компанияның құрылтайшысы, қазақстандық кәсіпкер Шухрат Ибрагимов бастаған ESV өкілдері негізгі өндірістік нысандарды аралап, “Қазақстан Ғарыш Сапары” ҰК” АҚ және “Ghalam” ЖШС ғылыми және өнеркәсіптік әлеуетімен танысуға мүмкіндік алғанын хабарлады ҚҒС баспасөз қызметі. Сондай-ақ ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабековпен кездесу өткізіліп, ашық-жарқын сұхбаттасуға жағдай жасалды.
– Біз ESV-мен бірге осы Меморандумға қол қойғанымызға шын жүректен қуаныштымыз. Бұл ынтымақтастықтың нәтижесінде жеке бизнесті белсенді тарту арқылы Қазақстанның ғарыш индустриясы дамудың жаңа кезеңіне өтеді деп күтеміз. Біздің әріптестігіміз Қазақстанда құрылған озық технологиялық өндірісті дамытудың тамаша драйверіне айналып, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне алып шығатынына сенеміз, – деп атап өтті “Қазақстан Ғарыш Сапары” ҰК” АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Зернов.
– Тарих қайталанады. Өткен ғасырда Байқоңыр ғарыш айлағынан адам тарихта алғаш рет ғарышқа аттанған болатын. Бүгін Қазақстан ғарышты игерудің және бизнес-инновациялар үшін ғарыштық технологияларды пайдаланудың жаңа дәуіріне аяқ басты. Меморандум бізге мемлекетпен тиімді өзара іс-қимыл жүргізуге мүмкіндік береді. Қолданыстағы инфрақұрылымды пайдалана отырып, біз аэроғарыш өнеркәсібін бірлесе отырып коммерциялық кеңістікке шығара аламыз. Жеке компания ретінде біз белгілі бір технологиялары мен ноу-хау ұсыныстары бар халықаралық серіктестерді, сондай-ақ бірлескен ұлттық ғарыш бағдарламасын дамытуға және коммерциялық жобалармен айналысуға көмектесетін индустрия жаңашылдарын – инженер мамандарды тезірек және оңай тарта аламыз, -деп мәлімдеді басқосуда ESV негізін қалаушы Шухрат Ибрагимов.
Оның айтуынша, осы серіктестікке сүйеніп, ESV Қазақстанға жобалар сериясын, мысалы, операциялық жүйелерді дамыту үшін халықаралық әзірлеушілерді тартатын ғарыштық Хаб құруды жоспарлап отыр. Олар қолданыстағы қазақстандық және орбитаға шығарылатын жерсеріктердің инфрақұрылымына кіріктірілетін болады. Отандық саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жаңа буын жерсеріктерінің жабдықтарын құрастыру жөніндегі бағдарламалар да жоспарланып отыр.
“Ghalam” ЖШС өкілдері ESV-мен бірлескен ынтымақтастықтың арқасында өздерінің өндірістік мүмкіндіктерінің шегінде бірлескен технопарк, прототиптер мен тәжірибелік үлгілер құрып, сондай-ақ ғарыш аппараттарын жасау үшін инвестициялардың тартылуын күтеді.
ESV Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген жеке компания болып табылады. Ол SpaceChain, Loft Orbital, NanoRacks және басқалары сияқты әлемнің жетекші компанияларымен белсенді қатынастар орнатты. ESV өзінің серіктестерімен бірге ғарышта екі жобаны жүзеге асырды: Илон Масктың Falcon X ғарыш кемесімен Biteeu криптобиржасының, сондай-ақ бүкіл әлем мұсылмандары үшін Құран аудиожазбаларын жерсеріктен тікелей таратуға арналған Divine әлеуметтік жобасының жұмысын қамтамасыз ететін жерсеріктерді орбитаға шығарды.
Шухрат Ибрагимов -ESV негізін қалаушы, қазақстандық кәсіпкер, ERG ірі халықаралық тау-кен компаниясының менеджерлер кеңесінің мүшесі, Еуразиялық банк пен “Еуразия” БК Директорлар кеңесінің мүшесі.
“Қазақстан Ғарыш Сапары” Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы ғарыштық технологияларды дамыту және енгізу, ғарыш жүйелері мен кешендерін құру бойынша тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу, сондай-ақ Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық міндеттерін шешуге бағытталған ғарыш қызметі саласындағы салааралық бағдарламаларды іске асыру мақсатында 2007 жылғы 2 тамызда мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен құрылды.
“Ghalam” ЖШС – “Қазақстан Ғарыш Сапары” ҰК” АҚ мен Airbus Defense & Space бірлескен кәсіпорны, ол 2010 жылы Ғарыш аппараттарын құрастыру-интеграциялау және сынау кешенін (ҒА ҚИСК) құру жобасын іске асыру және Қазақстан мен Франция арасындағы әріптестік келісімінің шеңберінде оны одан әрі пайдалану мақсатында құрылған.
Байланыстағы тұлға:
Маруф Мадраимов
Eurasian Space Ventures
+77472438787
info@eurasian.space