Астана, 2023 ЖЫЛҒЫ 13-ҚАЗАН
Еуразиялық банк Қазақстандық Тұрғын Үй Компаниясымен бірлесіп Digital Bridge 2023 халықаралық форумында үлестік құрылыс саласындағы жаңа цифрлық жобаны ұсынды.
Банк үлескерлердің қаражатын мақсатсыз пайдаланудан қорғауды қамтамасыз ету үшін салушыларға арнайы шоттарды онлайн түрде ашуды ұсынады.
Жоба аясында қадағалау органдарының құрылыс жұмыстарының орындалғанын растайтын құжаттарды тексеруге және оларға қол қоюға мүмкіндік беретін функционал әзірленді.
Сондай-ақ, бұл шешім болжамды талдау арқылы жобаның құрылыс жоспарынан кез келген ауытқуын анықтай отырып, тұрғын үй құрылысының әр кезеңіне нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
«Технология үлестік құрылыс процесін өзгерте алады және оны сенімді әрі қолжетімді етеді. Қазақстандық Тұрғын Үй компаниясымен бірлесіп әзірленген цифрлық шешім үлескерлерге өз жылжымайтын мүліктерінің құрылысының аяқталуын сеніммен күтуге, ал мемлекетке мониторинг жүргізу үшін құрал алуға мүмкіндік береді деп ойлаймын», – деп атап өтті Еуразиялық банкінің басқарма төрайымы Ләззат Сатиева.
«Біздің азаматтар өз қаражаттарын үлестік құрылысқа инвестициялау кезінде белгілі бір тәуекелдерге ұшырайды. Негізгі тәуекелдердің бірі — құрылыс салушының үлескерлердің жинақталған қаражатын мақсатсыз пайдалануы. Сондықтан бұл шешім, ең алдымен, үлескерлердің қаражатының сақталуын және мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Қазақстандық Тұрғын үй компаниясының Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Алтай Күздібаев.
Сонымен қатар, цифрлық өнім құрылыс-монтаждау жұмыстарының, объектіні пайдалануға беру мерзімдерінің өзгеруі бойынша болжамды талдауды қалыптастыра алады, сондай-ақ қажетті құжаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ете алады.
Осылайша, Еуразиялық банк пен Қазақстандық тұрғын үй компаниясының цифрлық шешімі үлестік қатысушылар үшін ықтимал тәуекелдерді болдырмай, Қазақстандағы үлестік құрылыстың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.