14 сәуір 2023 жыл, Астана
Ұлттық ғарыш орталығында 12 сәуірде «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясы Ғарышкерлер күніне арнап мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
Дәл осы күнге Eurasian space Ventures (ESV) бірінші жеке ғарыш компаниясы ғарыш станциясының бірнеше бөліктері ретінде құрылған SPACE NOMAD эксперименттік ғарыш модулін «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясының иелігіне табыстауды орайластырды, бұл жерде зерттеушілер ұзақ уақыт бойы ғарыштағы жағдайларға барынша ұқсастырылған тұрақты ортада өз эксперименттерін жүргізе алады.
SPACE NOMAD алғашқы тұсаукесерін 2022 жылы Астанада өткен Digital Bridge халықаралық форумында өткізіп, сол кезде жоба көрермендердің үлкен ықыласына бөленген болатын. Сол кезде эксперименттік ғарыш модулін «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясындағы отандық мамандар ғарышқа ұшудың модельдік зерттеулері мен ғылыми эксперименттерін жүргізу үшін пайдаға жаратуы тиіс деген шешім қабылданды.
«Қазақстанның ғарыш айлағына айналғаны тарихи ақиқат. Біздің ESV компаниямыз да елге жеке ғарыштық жобаларды тартуға жәрдемдесу, оны ғарыштық хабқа айналдыру міндетін алға қойып отыр. Модульді пайдалану қазақстандық ғылым мен ғарыш өнеркәсібін дамытуға пайдасын тигізетініне сенеміз», – деп атап өтті ESV негізін қалаушы, Еуразиялық банк Директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов.
Ғарышкер-ұшқыш Айдын Айымбетовтің жетекшілігімен жасақталған экипаж алғашқы тәжірибесін 12 сәуірде бастап кетті. Үш күн бойы экипаж ғарыш модулінің жұмысқа жарамдылығын және тіршілікті қамтамасыз ету жүйесін тексермек. Келесі кезеңде модульдің оқшау жұмыс жағдайларындағы субъектілердің физиологиялық және психологиялық бейімделу ерекшеліктерін зерттейтін ғылыми бағдарлама әзірленіп, жұмысты екінші экипаж жалғастырады.
«Бүгін үш адамнан (командир, инженер және пайдалану жөніндегі маман) құралған экипаж модульді тексеру-сынау жұмыстарын бастайды. Біз бұл модульдің келесі экипаждар үшін мүлдем қауіпсіз болатындығына көз жеткізу үшін кешенде бірнеше күн боламыз – ауаның құрамын, желдету жүйесін, температураны, ылғалдылықты тексереміз. Сондай-ақ оператордың жұмыс орнының эргономикасын, құрал-саймандардың қай жерде орналасқанын, оларға қалай қол жеткізуге болатынын тексереміз», – деді Айдын Айымбетов.
Модульдің техникалық ерекшеліктері туралы анықтама:
Халықаралық тәжірибе негізінде ESV командасы эксперимент орталығының оңтайлы орналасуын ойластырды. Ғарыш жағдайларын органикалық тұрғыдан сезіну үшін модульдердің футуризм үлгісіндегі шағын кеңістік эргономикасы, сондай-ақ көпсалалы функционалдылық стилінде интерьер дизайны жасалды.
Кешен жалпы ұзындығы 24 метр, ені 3,5 метр және төбенің биіктігі 2,1 метр болатын, ғарыштағы жағдайларға барынша ұқсастырылған 4 модульден тұрады. Орталық жабдығына басқару пунктіне ұқсастырылған инженерлік модуль, қызметтік модуль, тұрғынжай модулі және тіршілікті қамтамасыз ету модулі кіреді.
Басқару пунктінде бір мезгілде 5 маман жұмыс істей алады. Жұмыс орындары сенсорлармен басқарылады және борт статистикасы көрсетілетін қосалқы экрандармен жабдықталған. Келіссөздер бөлмесі түріндегі қызметтік модульде ұжымдық жұмыстар жүргізіліп, станциямен байланыс орнатылады және мәселелердің шешімдері жоспарланады.
Тұруға арналған модуль адамға қажеттінің бәрімен жабдықталған және 3 аймаққа бөлінеді: асханасы бар ықшам асүй, екі қабатты кереуеттер мен жеке шкафтар, сондай-ақ ванна және шағын дәретханасы бар жатын бөлме. Барлық коммуникациялары бар тіршілікті қамтамасыз ету модулімен тікелей байланысқандықтан, орталық модульдерінің әрқайсысы оқшау жұмыс істей алады.
Эксперименттік орталықты құрудың стандарттан тыс міндеті әрбір модульдің қаңқасынан бастап, үздік әлемдік тәжірибелер негізінде бірегей жобалауды және “таза парақтан бастап” құрастыруды талап етті. Модульдің жылу сақтау қабілеті қалалық ортаның нормативінен 3 есе жоғары.
Модульдер ауаны ішке сору-сыртқа шығару жүйесімен, жылу беру, ауа баптау, климат басқару жүйелерімен, сондай-ақ өрт дабылымен және авариялық есіктермен жабдықталған. Адам өмірі қауіпсіздігінің барлық шарттары сақталған.
Барлық модульдер дыбыстық сүйемелдеумен, сондай-ақ әртүрлі сценарийлерді жүзеге асыруға бейімделетін жарықпен жабдықталған. Автоматтандырылған бейімделгіш жүйенің арқасында барлық модульдерге және олардың бөліктерін дауысталған бұйрықтармен басқару мүмкіндігі, сонымен қатар түрлі сценарийлерге дайын болу және түзету енгізу мүмкіндігі қарастырылған.
Eurasian Space Ventures (ESV) – елімізге ғарыш саласындағы жетекші әлемдік компанияларды, технологияларды тартумен айналысатын алғашқы қазақстандық жеке ғарыш компаниясы. ESV негізін қалаушы Шухрат Ибрагимов –кәсіпкер, ERG ірі халықаралық тау-кен компаниясының менеджерлер кеңесінің мүшесі, Еуразиялық банк пен “Еуразия” БК Директорлар кеңесінің мүшесі.