2023 жылғы 15 маусым — Moody’s Investors Service (Moody’s) агенттігі бүгін Еуразиялық банк депозиттері бойынша ұзақ мерзімді рейтингті b2 деңгейінен b1 деңгейіне, сондай-ақ оның негізгі несиелік рейтингті b3 деңгейінен b2 деңгейіне көтерді, бұл активтер сапасының айтарлықтай жақсарғанын көрсетеді. Банктің ұзақ мерзімді депозиттік рейтингтері бойынша болжам оң күйінде қалды.
Агенттік ең бастысы 2022 жылы Ресейдің еншілес банктері Қазақстаннан кеткеннен кейін банк ландшафтының өзгеруімен, жаңа клиенттер мен кіріс көздерінің пайда болуымен байланысты қолайлы операциялық ортаны банк сәтті пайдалана алғанын, соның нәтижесінде активтер сапасы мен капиталдың жеткіліктілігі артып, кірістілік пен төлем қабілеттілігінің көрсеткіштері жақсарғанын атап өтті.
«Біз банк рейтингі көтерілгенін қуана хабарлаймыз. Біз осы нәтижені күткенбіз: соңғы үш-төрт жылда біз бизнес саласында батыл қадамдар жасадық. Тәуекел менеджментін, цифрлық трансформацияны және өнімдер мен қызметтерді әзірлеу жылдамдығын арттыру бағыты назарда болды. Біз әріптестеріміз бен клиенттеріміздің тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін олармен тығыз ынтымақтастықты жалғастырамыз және қаржы қызметтері нарығының әртүрлі сегменттерінде өзіміздің бәсекелестік басымдығымызға ден қоятын боламыз», – деп түйіндеді Еуразиялық банктің басқарма төрағасы Ләззат Сатиева.
Агенттік несие берудің қатаң стандарттарын ұстана отырып, банктің проблемалық қоржынын сауықтыру және қолданыстағы портфель сапасын жақсарту шараларының арқасында проблемалық қарыздар үлесі азайғанын атап өтті. Сондай-ақ банк проблемалық несиелердің резервтермен өтелуін біршама жақсартты.
Moody’s болжамы бойынша, ішкі операциялық ортаға түсіп жатқан геосаяси қысымға қарамастан, банк осы жетістіктерін сақтап, активтердің сапасын, төлем қабілеттілігін, кірістілігі мен өтімділігін жоғары деңгейде сақтай алады. Рейтинг агенттігінің пікірінше, өнімдер мен қызметтерді белсенді цифрландыру, клиенттердің өсіп келе жатқан бөлшек сауда базасы банкке пайыздық және пайыздық емес кірістерді көбейтуге мүмкіндік береді.
Рейтингке әсер еткен тағы бір нәрсеге тоқталсақ, Moody’s агенттігі ESG бағасын (банктің экологиялық, әлеуметтік және басқару тәуекелдері) қайта қарады. Тәуекелдерді сауатты басқару нәтижесінде банктің несие көрсеткіштерін жақсартуы корпоративтік басқару бағасын бұрынғы G-4 деңгейінен G-3 деңгейіне дейін көтеруге мүмкіндік берді. Нәтижесінде ESG факторларының несиелік әсері CIS-4 мәнінен CIS-3 мәніне дейін жақсарды.
Агенттік банктің жалпы несие портфеліндегі проблемалық қарыздар үлесі 2022 жылдың аяғында шамамен 13%, 2021 жылдың аяғында 22% және 2020 жылдың аяғында 29% төмендегенін атап өтті. Оның үстіне Еуразиялық банк несиелер бойынша ықтимал шығындардың резерв есебінен өтелуін 2022 ж. соңында 116% жақсартты, 2020 ж. аяғында 65% болған еді.
Банктің кірістілігі де жақсарды, осыдан бір жыл бұрынғы 1% көрсеткішпен салыстырғанда, орташа активтердің кірістілігі 2022 жылы шамамен 4% дейін өсті.