Меморандум қатысушылары алғашқы қадамды ағаш отырғызудан бастады
Eurasian Environmental Fund (EEF) коммерциялық емес ұйымы, Mastercard, Еуразиялық банк және Алматы Жасыл экономика басқармасы тұрақты даму қағидаттарына сәйкес Алматыда көміртегі ізін азайту мақсатында экологиялық жобаларды іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Сенбі күні 5 маусымда алғашқы жоба ретінде Есентай өзенінің рекреациялық аймағында аллея отырғызылды. Карантиндік шараларды ескере отырып, жұмысты мамандандырылған компания жүргізді. Еуразиялық банк жақсы жерсінуі үшін 75 ағашты өз топырағымен бірге отырғызуды қаржыландырды және бұдан былай екі жыл бойы аллеяны күтіп-баптау шығындарын өз мойнына алды.
“Өткен жылы біз қала бойынша рекордқа қол жеткізіп, 282 мың ағаш отырғыздық. Бұрын қалада жылына 30-40 мыңнан астам ағаш отырғызылатын. Көгалдандыру жұмыстары негізінен Алатау және Наурызбай аудандарының біріктірілген аумақтарында жүргізілді. Көктемде 64 мың ағаш көшеттері бой түзеді, жалпы жыл соңына дейін 300 мың жас тал отырғызу жоспарланып отыр. Сондықтан қала әкімінің 1 миллион ағаш отырғызу жөніндегі бастамасын қолдауда бизнес пен қоғамның кез-келген көмегін қуана қабылдаймыз”, — деді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская.
“Біз қалалар мен олардың төңірегіндегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін мемлекеттік органдармен, бизнеспен, қоғамдық ұйымдармен және экокөшбасшылармен бірлескен түрлі табиғат қорғау шараларын іске асырмақшымыз. Біздің мақсатымыз —жаһандық экологиялық сын-қатерлерге назар аудару және оларды шешу үшін нақты қадамдарды жүзеге асыру. Осы мақсатта 2021 жылдың 13 мамырында “Астана” халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) уәкілеттігімен АХҚО Жасыл қаржы орталығының қолдауымен Eurasian Environmental Fund (EEF) коммерциялық емес ұйымы тіркелді”, — деді Eurasian Environmental Fund КЕҰ бас директоры Роза Нұртазина.
“ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай Қазақстанды көміртегі тәуелділігінен арылту міндетін қойды. Оны іске асырудың бір тәсілі — қалаларды көгалдандыруды қарқындату және жасыл технологияларды енгізу. АХҚО Қазақстанның экологиялық бағдарламасына белсене қатысады және бизнес пен қоғамдастықты ынталандыру үшін қажетті инфрақұрылымды құрады”, — деді АХҚО Жасыл қаржы орталығының бас директоры Айдар Қазыбаев.
Еуразиялық банк жасыл қаржы технологияларын пайдалана отырып, өзінің дамуының жаңа кезеңін бастайды және экологиялық мазмұндағы арнайы банк өнімін әзірлейді. Оның үстіне банк кез-келген қазақстандық банктің төлем картасына бір жанасу арқылы ағаш отырғызуға қаражат аударуға мүмкіндік беретін Қазақстандағы алғашқы NFC-постерлерді орнатады.
“Бүгінде банктердің қызметі тек қаржылық көрсеткіштермен және сауатты басқарумен ғана бағаланбайды. Банк қоғамның әлеуметтік және экологиялық дамуына (ESG) атсалысуы тиіс*. Біздің банктің күш-жігері жасыл экономика жобаларын қолдауға және экологиялық достық банк сервисін құруға бағытталатын болады. Бұл қашықтан қызмет көрсету арналары мен онлайн-төлемдерді дамыта отырып, пластик пен қағаз пайдалануды біртіндеп азайтып, қайта жаңғыртылмайтын ресурстарды оңтайлы жұмсайтынымызды білдіреді. Біз өзіміз және клиенттерімізбен бірге арнайы банк өнімдері арқылы ағаш отырғызуды жалғастыратын боламыз”, – деді Еуразиялық банк Басқармасының төрағасы Валентин Морозов.
“Бүгінгі таңда климаттың өзгеруі әрқайсымызға өзінің теріс әсер тигізуде. Әсіресе халықтың әлеуметтік-экономикалық осал топтарына оңай соқпайды. Біз бұл жағдайда бизнес экологиялық жауаптылықты өз мойнына алуы тиіс деп санаймыз, өйткені планета ресурстарын сарқи отырып, экономикалық өрлеуге қол жеткізу мүмкін емес. Бұл жоба жақсы өзгерістерге алып келетініне сенімдімін. Қоршаған ортаны қорғау —біздің ортақ ісіміз!”- деді Mastercard компаниясының Орталық Азиядағы бас директоры Рафал Трэпка.
Анықтамалық ақпарат:
“Еуразиялық банк” АҚ — Қазақстанның әлеуметтік-маңызды қаржылық институты, 26 жыл қатарынан активтер мен меншікті капитал мөлшері бойынша тұрақты түрде қазақстандық он ірі банк қатарынан табылып келеді. Корпоративтік клиенттер мен ШОБ клиенттеріне қызметтердің кең шеңберін ұсынады, бөлшек бизнес көлемі бойынша үздік бестік қатарына кіреді, цифрлық банкингті белсенді дамытуда. Банк өз қызметін корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына және ESG өлшемшарттарына сүйене отырып жүргізеді. Банк Алматыда “Жасыл кеңсе” жобасын іске асыра бастады, өзі орналасқан қалаларда көгалдандыру акцияларына қолдау көрсетеді, 2019 жылы қызметкерлер Тұңғыш Президент саябағында 240 көшеттен аллея отырғызды.
Mastercard (NYSE: MA) — төлем индустриясында жұмыс істейтін жаһандық технологиялық компания. Біздің миссиямыз-қауіпсіз, қарапайым, технологиялық және қолжетімді транзакцияларды қамтамасыз ету, бәріне және бар жерде артықшылық беретін цифрлық экономиканы дамыту және нығайту. Қорғалған деректер мен желілерді қолдана отырып, әріптестік құрып, шабыттана отырып, біз адамдарға, қаржы институттарына, үкіметтер мен бизнеске өздерінің ең үлкен әлеуетін жүзеге асыруға көмектесетін инновациялар мен шешімдерді ұсынамыз. Біздің мәдениетіміз және компания ішінде және одан тыс жерде жасайтын нәрселеріміздің барлығы адамгершілік коэффициентіне (decency quotient, DQ) сәйкес анықталады. Біз 210-нан астам ел мен аумақта бизнес жүргіземіз және баршаға теңдессіз мүмкіндіктер ашатын тұрақты әлем құрамыз.
Mastercard шығарындыларды қысқарту жөніндегі мақсаттарын өз бастамасымен SBTI (Science Based Targets Initiative) мақұлдаған алғашқы төлем компаниясы болды. Жақында компания 2025 жылға қарай парник газдарының энергетикалық тікелей және жанама шығарындыларын 38%-ға, ал басқа жанама шығарындыларды 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға қысқартуға ниетті екенін мәлімдеді. Mastercard жаңғыртылатын энергия көздері мен энергия тиімділігін арттыру бағдарламаларына басымдық береді: күн панельдеріне Mastercard data-орталықтары тұтынатын энергияның 50% үлесі тиесілі. Компания жеткізілім тізбегіне байланысты шығарындылар 2020 жылдың аяғында оның көміртегі ізінің 70%-дан астамын құрағанын атап өтті. Осыған байланысты Mastercard жеткізушілерге парник газ шығарындыларын азайту мақсаттарын анықтауға және оған қол жеткізуге қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Әріптестіктің арқасында Mastercard клиенттері өздері қалдырған көміртегі ізін есептеп, тұтынушылық мінез-құлқының әсерін бағалай алады. Сонымен қатар Mastercard қайта өңделген шикізаттан пластик карталар шығару жөніндегі әріптестікке бастамашы болды.
Eurasian Environmental Fund
Eurasian Environmental Fund коммерциялық емес ұйымы ағымдағы жылдың 13 мамырында АХҚО аясында тіркелген. Қордың құрылтайшылары АХҚО Жасыл қаржы орталығы, Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қоры және Green Investment Group ЖШС болып табылады.
Құрылған қордың қызметі 2013 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының “жасыл экономикаға” көшу тұжырымдамасының мақсаттарын және 2016 жылы ратификацияланған Париж келісімінің мақсаттарын іске асыруды қолдауға бағытталатын болады.
ESG* – Environmental, social and corporate governance (Экологиялық, әлеуметтік даму және корпоративтік басқару).