Телефон, интернет, тіпті мектеп күнделігі — алаяқтар сіздің ақшаңызға қол жеткізу үшін кез келген себептер мен арналарды пайдаланады. Еуразиялық банк алаяқтықтың жаңа схемалары туралы ескертеді және клиенттерді аса қырағылыққа шақырады.
1-схема: “Сізді алаяқтардан құтқарады”
Алаяқ банктің немесе полицияның атынан қоңырау шалып, сіздің атыңыздан кредит алуға тырысып жатқанын немесе тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Содан кейін ол техникалық себептерді сылтауратып кенеттен әңгімені тоқтатады. Осы кезде автожауапқатқыш қосылады: “Қоңырауды полиция тоқтатты. Алаяқтық әрекеті анықталды. SMS-тегі нөмірге қайта қоңырау шалыңыз”. Осыдан кейін жәбірленуші қайта қоңырау шалып, сол алаяқтарға түседі, енді олар өздерін “құтқарушылармыз” деп таныстырады. Әрі қарай — стандартты схема: сенімді әңгімелер, жеке деректерді беру және ақшаны “қауіпсіз шотқа” аудару туралы өтініш.
2-схема: Кредиттік ұйымдардың жалған сайттары
Қаскүнемдер кредиттік ұйымдардың ресми парақшаларынан көрнекі түрде ерекшеленбейтін сайттар жасайды. Мұндай ресурстарда сіз нағыз сайтта отырмын деген оймен өз деректеріңізді енгізіп, олардың бәрін алаяқтарға жіберуіңіз мүмкін. URL-мекенжайына назар аударыңыз: ол https://-ден басталуы тиіс және ол жерде ауыстырылған таңбалар болмауы керек (мысалы, “o”-ның орнына “0”, “l”-дің орнына “1”).
3-схема: Электронды күнделік ақшаны ұрлаудың сылтауы
Алаяқтар мектеп оқушыларына қоңырау шалып, өздерін мектеп қызметкерлері ретінде таныстырады. Себеп — электрондық күнделікті қайта орнату керек. Жасөспірімнен ата-анасының телефонына келген кодты жазуды және оларға ештеңе айтпауды сұрайды. Әрі қарай — деректердің жайылып кетуімен қорқыту және “қаражатты құтқару үшін” ата-аналардың атына кредит алуға сендіру. Осылайша бірнеше минут ішінде отбасы елеулі қаржылық шығындарға ұшырауы мүмкін.
Еуразиялық банк кішкене күдік туындаған жағдайда дереу полицияға және банкке хабарлау қажеттігі туралы ескертеді.
Еуразиялық банктің клиенттері тәулік бойы келесі нөмірлер бойынша қоңырау шала алады:
+7 (771) 000-77-22 — Beeline;
+7 (700) 000-77-22 — Tele/Altel;
+7 (702) 010-77-22 — Kcell/activ.
Егер сіз алаяқтық әрекеттер фактісі бойынша немесе басқа себептер бойынша шағым қалдырғыңыз келсе, мына сілтеме бойынша нысанды толтырыңыз: https://eubank.kz/feedback/