Баспасөз шығарылымы, 12 шілде 2023 жыл
Бірден екі халықаралық басылым (Global Finance World’s Best Banks Awards және Global Brands) өздерінің жыл сайынғы рейтингтерінің аясында Еуразиялық банктің 2023 жылғы кастодиан және қосалқы кастодиан қызметтерін Қазақстанда үздік деп таныды.
«Мұндай нәтижеге біз клиентке бет бұру, нарық пен заңнаманың өзгерістеріне қарай жедел әрекет ету, ішкі және халықаралық бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларымен өзара үйлесімді іс-қимыл жасау, сондай-ақ нарықтық тәжірибелер мен заңнамалық нормаларды ескере отырып, оңтайлы шешімдер қабылдаудың арқасында қол жеткіздік деп ойлаймын. Біздің кастодиандық белсенділігімізге берген жоғары бағасы үшін Global Finance және Global Brands сарапшыларына алғысымызды білдіреміз», — деді Еуразиялық банктің басқарма төрағасы Ляззат Сатиева.
Іріктеу нәтижелері туралы толық есеп шілде-тамыз айларында Global Finance баспа нұсқасында, сондай-ақ GFMag.com сайтында шығады. Биылғы жылы Global Finance редакциялық алқасы жеті өңірдегі және 80-нен астам елдегі нарыққа зерттеу жүргізді. Сондай-ақ басылым қосалқы кастодиан қызметтерінің пайдаланушыларынан ақпарат жинады. 2022 жылдың 1 қаңтарынан 31 желтоқсанына дейінгі кезеңдегі нәтижелер бағаланды.
Марапат үшінші жыл қатарынан табыс етілуде. Іріктеу шарттарына клиенттермен қарым-қатынас орнату, сервистің сапасы, баға бәсекелестігі, стандарттан тыс жағдайларды реттей білу, технологиялық платформаларды пайдалану, есептесуден кейінгі операциялар, қызмет үздіксіздігін қамтамасыз ету жоспарларын құру, жергілікті заңдар мен тәжірибелерді білу кірді.
Өз кезегінде Global Brands халықаралық басылымы Еуразиялық банкке «Қазақстанның үздік кастодиан банкі-2023» атағын берді. Конкурс нәтижелері мен оның жеңімпаздары туралы толық есеппен басылым сайтынан https://www.globalbrandsmagazine.com/award-winners-2023/ сілтемесі бойынша танысуға болады.
Global Brands Magazine — Ұлыбританияның экономика мен бизнестің әртүрлі салаларындағы сенімді ақпарат көзі болып табылатын брендтер туралы басылымы. Олар өз материалдарында Азия және Еуропа нарығындағы алдыңғы қатарлы компаниялардың деректеріне және халықаралық маркетинг зерттеулеріне сүйенеді.
Еуразиялық банк бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына, яғни инвестициялық қорларға, брокерлік компанияларға, заңды және жеке тұлғалардың активтерін басқаратын компанияларға кастодиан қызметтерін 1999 жылдан бері көрсетіп келеді. 2022 жылы банктің кастодиан қызметтерін алған клиенттердің қатары 2021 жылмен салыстырғанда 2,3 есе өсті.
Операциялар туралы анықтама:
Қосалқы кастодиан операциялары — жергілікті бағалы қағаздар нарығында көрсетілген қызметтер.
Кастодиан операциялары — халықаралық бағалы қағаздар нарығында көрсетілетін қызметтер.